XIV-XVI ғғ. Мұғұлстан тарихында ислам дінінің таралуы және сопылықтың рөлі
DOI:
https://doi.org/10.26577/JOS.2023.v106.i3.09Аннотация
Орталық Азияның ертеректе Шағатай және Қайду ұлыстарына кірген шығыс аймақтарында ортағасырлық мемлекет ретінде пайда болған Мұғұлстанның исламдануы мәселесі тарихи әдебиетте аз зерттелгені белгілі. XIV-XVI ғасырларда Шағатай хандары басқарған түркі-моңғол тайпаларынан құралған осы мемлекеттің исламдануына байланысты маңызды оқиғалар орын алды. Тоғлұқ-Темір, Қызыр-Қожа, Мұхаммед, Жүніс хан және басқа да Мұғұлстан билеушілерінің исламды белсенді түрде қолдау саясаты өздеріне бағынышты тайпалар мен аймақтардың әлеуметтік интеграциясыны және жоғарғы билік құрылымын күшейту сияқты объективті қажеттіліктерге байланысты болды. Сонымен бірге хандар өздері рухани ұстаз деп санаған тассауфтың (сопылықтың) шынайы табынушылары болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Мақалада ортағасырлық жазбалардағы мәліметтер мен бұған дейiнгi зерттеген авторлардың ғылыми еңбектерін салыстырмалы талдау негізінде Мұғұлстанды исламдандырудың тұтас көрінісі берілген: хандардың өмірбаяндары мен сопылық агиографиясы контексіндегі исламданудың алғышарттары және даму барысы; көшпелі тайпаларды исламдандыру мәселесі (қырғыздарды мысалға алу негізінде), мемлекет тарихындағы діннің рөлі сарапталды. Аталған проблема қазіргі заманғы теориялық және әдіснамалық тәсілдер негізінде зерттеледі, атап айқанда, ханафи ағымындағы дәстүрлі исламның парадигмасы (қауымдардың діни атрибуциясында неғұрлым либералдық өлшемдермен сипатталатын), қазақтар мен қырғыздардың мұсылмандануы XV-XVI ғасырларда аяқталуы туралы авторлық тезис, ортағасырлық мемлекеттердегі Орталық Азияда өмір сүрген хандар мен қожалар (сопылар) арасынан шыққан көрнекті тұлғалардың шығармашылық тарихи рөлі туралы идея; сонымен қатар аймақтың рухани және өркениеттік тарихының ортақтығы туралы тезис есепке алынды.