«Дастӯр ал-‘илāж» трактатының мазмұндық құрылымы
DOI:
https://doi.org/10.26577/JOS.2023.v105.i2.013Аннотация
Медицина саласы көне дәуірлерден бастау алып, әр қоғамның өмір сүру ерекшеліктері мен құндылықтарына сай дамып, салаланып, арнасы кеңейіп отырды. Уақыт озған сайын әр халықтың діни наным-сенімдері мен тұрмыс-тіршілігінің ыңғайымен, салт-дәстүрлері ықпалымен өзіндік медицинасы қалыптасып, сол халықтың тарихымен, мәдениетімен бірге жасасып, жалғасын тауып келді. Ғылыми әдебиеттерде «халық медицинасы» деп аталған бұл мәдениет қазақ қоғамында да нық орныққан. Мақаламызда «Дала медицинасы» деп аталған бұл мәдениет көрінісі сонау Қараханит, Хорезм және Шағатай кезеңіндегі жазба деректерде хатталып, бірқатары халық ауыз әдебиетінде сақталған. Сондай Орта Азия кеңістігін ен жайлаған көшпелі халықтардың арасында жиі кездесетін аурулар мен одан айықтыруға қолданылған ем-дом, дәрі-дәрмек атауларынан, медициналық терминдерінен, т.б. мол мәлімет беретін ортағасырлық жазба ескерткіштің бірі – XVI ғ. І-жартысында (933/1526-27 жж.) Сұлтан Әли әл-Хорасанидің қаламынан шыққан «Дастӯр ал-‘илāж» шығармасы. Дешті Қыпшақта түркі тілінде жазылып, кейін парсы тілінде Үнді, Ауған, Иран, Шам жеріне кең тараған бұл шығарма бірнеше халықтардың қызығушылығын тудырған біргей трактат. Шығарма мәтініннен жазба деректерде «көшпелі өзбектер» деп аталған көшпенді халықтардың адам ағзасының физиологиясын, ерекшеліктерін қаншалықты білгендерін, өсімдіктер мен жан-жануарлардың табиғатын қаншалықты түсінгендерін ғана көріп қоймаймыз, халық емшілігінде қолданылатын ырымынан, жөн-жоралғысынан және соған қатысты діни наным-сенімдерінен де мол мағлұмат аламыз.
Алайда, түркі, парсы тілді халықтар арасында кең қолданылған шығарманың неге екені белгісіз, зерттелуі кемшін. Алматы қаласында жеке қорда сақталған түркі тіліндегі нұсқасы (одан әрі – «Алматы» нұсқасы) ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің АР09259326 «Дастӯр ал-‘илāж» – далалық медицина дереккөзі» гранттық жобасы аясында зерттеуге алынған болатын. Мақалада мәтінтанулық, деректанулық зерттеулер нәтижесі ықшамдалып, аталған шығарманың түркі тіліндегі нұсқасының мазмұндық құрылымы жүйеленіп көрсетіледі.
Кілт сөздер: Дастӯр ал-‘илāж, халықтық медицина, медициналық трактат, ортағасырлық жазба ескерткіштер, түркі халықтарының емшілік өнері