ЖОШЫ ҰЛЫСЫНЫҢ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ПАРСЫ ДЕРЕКТЕРІНІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JOS.2023.v104.i1.08Аннотация
ХІІІ ғасырда Дешті қыпшақ даласында бой көтерген Жошы ұлысы Орталық Азия түркілерінің ғана емес, сонымен бірге Шығыс Еуропа, Орал-Еділ, Кавказда мекендеген халықтардың тарихында да елеулі өзгерістерге жол ашты. Қараһандықтар билігінен кейін тарих сахнасына шыққан Жошы ұлысының өзіндік тарихы мен мәдениеті, әдебиеті мен жазба жәдігерлері қалыптасты. Сондықтан да, сол дәуірге қатысты жазылған тарихи, әдеби мұраларды, тіпті, эпиграфиялық, эпитафиялық, картографиялық деректерді зерттеп-зерделеудің маңызы жоғары. Бұл – Батыс жылнамашылары мен Шығыс саяхатшыларының осы ұлысқа қатысты қалдырған әрбір жазба дерегін бүгінгі күн тұрғысынан қайта зерделеп, ғылыми айналымға түсіру арқылы қазақ халқының өткен тарихының ақтаңдақ беттерін түгендеуге жол ашылары анық. Әсіресе, парсы тіліндегі жазба жәдігерлер мен тарихи деректерді түпнұсқада қарастырып, ғылыми дерек ретінде пайдалану – бүгінгі шығыстанушы-тарихшылардың назарға алатын негізгі мәселелерінің бірі. ХІІІ-ХVII ғасыр аралығында парсы тілінде жазылған тарихшылардың еңбектеріндегі Алтын Орданың мәдениеті мен жазба мұрасына, ресми тілі мен ұстанған дініне, саяси-әлеуметтік құрылымы мен әкімшілік-басқару жүйесіне, көрші елдермен саяси-дипломатиялық қарым-қатынасына қатысты әрбір жазба дерек маңызды дегенімізбен де, сол жинақталған мәліметтерге сыни көзбен қарап, ғылыми зерделей білгенде ғана шынайы тарихи оқиғалар желісі пайда болары анық. Хан сарайларына шоғырланған тарихшылардың кейбірі Жошы ұлысының шынайы тарихына қанық болмауы немесе қолдағы деректер сол заманда-ақ саяси себептерге байланысты бұрмалануы да мүмкін. Сол үшін де Алтын Ордаға қатысты парсы тілінде жазылған тарихи деректерді жинап, жүйелеп, зерделеудің маңызы жоғары дер едік. T