ӘЛ-ФАРАБИДЫҢ «КИТАБУЛ-ХУРУФ» АТТЫ ТРАКТАТЫ ЖАЙЛЫ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JOS.2022.v101.i2.06Аннотация
Әл-Фарабидың «Китабул-хуруф» (Әріптер кітабы) атты трактаты жайлы сөз болады. Трактаттың қолжазбасы, оның кітап болып басылуы жайында баяндалады. Әл-Фарабидің трактаттары арасында «Китабул-хуруф» (Әріптер кітабы) кітабы ерекше орын алады. Бұл көлемі бойынша қомақты, мазмұны бойынша жан-жақты трактат болып есептеледі. «Китабул-хуруф» трактаты үш ірі бөлімнен тұрады. Әр бөлімде түрлі тақырыптар қамтылған. Мысалы, метафизика және оның санаттары, тілдің философиялық проблематикасы және тілге қатысты түрлі тақырыптар талқыға түседі. М.Маһди әл-Фарабидің «Китабул-хуруф» (Әріптер кітабы) трактатын Аристотельдің «Метафизикасынының» түсініктемесі деп танып, оны жан-жақты, көп салалы еңбек деп санайды. Әл-Фараби шығармашылығын зерттеу аясының кеңейе түсуінің нәтижесінде, сондай-ақ «Әріптер кітабы» трактатының аударылуына байланысты оның тақырыбы – тек метафизика ғана емес, сондай-ақ әл-Фарабидың басқа шығармаларында әлі де қозғалмаған тың тақырыптар келетіндігіне сүйене отырып, оның тақырып аясына қайта өңдеу жүргізілетіні сөзсіз. Нақтырақ айтсақ, әл-Фараби өзінің бұл трактатында метафизикамен қатар тілдің пайда болу проблемасын, әрі оның дамуын, тілдің ғылымдармен байланысын, философияны, дінді және силлогистикалық өнерді түсінуге байланысты ғылыми терминдердің пайда болуын жан-жақты қамтиды. Мақалада Әбу Насыр әл-Фарабидың «Китабул-хуруф» атты трактатында көтерілген мәселелер туралы сөз болады. Түйін сөздер: Әл-Фараби, қолжазба, китабул-хуруф, аударма.