«Сичуй цзунтун шилюэ» шығармасы Орталық Азияның тарихи географиясы бойынша дереккөз ретінде
DOI:
https://doi.org/10.26577/JOS.2022.v101.i2.07Аннотация
Бұл мақалада «Сичуй цзунтун шилюэ» 西陲總统事略 (Батыс аймақтардың жалпы сипаттамасы) атты қытай жазба дереккөзі және онда Орталық Азияның тарихи географиясы туралы берілген мәліметтер қарастырылады. Мақаланың мақсаты – жазба дереккөзге талдау жасау, еңбектің авторлары-құрастырушылары және редакторлары туралы мәліметтер беру, сонымен қатар XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Орталық Азияның тарихи географиясы бойынша жаңа мәліметтерді ғылыми айналымға енгізу болып табылады. «Сичуй цзунтун шилюэ» шығарманың мәліметтері Шыңжаңның солтүстік-батыс шекаралық аймақтарының әлеуметтік-экономикалық, саяси және әскери жағдайы туралы ауқымды мәліметтерді қамтиды, және Орталық Азия халықтарының тарихи географиясы, тарихы мен мәдениеті, Цин дәуірі кезеңіндегі аймақтың саяси жағдай туралы белгісіз және аз зерттелген мәліметтерді қамтиды.
«Сичуй цзунтун шилюэ» еңбегінде берілген Орталық Азияның тарихи географиясы бойынша мәліметтерді зерттеу барысында тарихи-хронологиялық талдаулар қолданылады. Мақалада жазба дереккөзді зерттеген қытай және орыс тілді авторлардың еңбектері жалпылау және салыстырмалы зерттеу әдістерін қолдана отырып қарастырылады. Алғаш рет Орталық Азия халықтарының тарихы туралы жалпы мәліметтерді толықтыратын және кеңейтетін, олардың XVIII ғасырдың екінші жартысындағы Цин дәуіріндегі Қытаймен қарым-қатынасы туралы мәліметтерді қамтитын «Сичуй цзунтун шилюэ» еңбегінен үзінділер ғылыми айналымға енгізілген. Шығарманың жасалу және жарыққа шығуы тарихы туралы мәліметтер берілген. Орталық Азияға апаратын екі негізгі жолдың (Солтүстік және Оңтүстік) бойында, Тянь-Шань баурайында орналасқан негізгі қалалар мен бекіністер атап көрсетілген. Шекаралас аймақтарға жақын орналасқан халықтардың шаруашылық құрылымына қысқаша сипаттама беріледі. Цин әкімшілігінің шекара заставаларының тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру әрекеттері және басқа да көптеген мәселелер көрсетілген.
Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті тарапынан қаржыландыратын ғылыми жоба аясында даярланған (Грант № AP09259919).