Әбу Насыр әл-Фарабидің «Китаб әл-Әәдаб әл-Мулукийа уа әл-Ахлақ әл-ихтийарийа» атты трактатына қысқаша текстологиялық талдау
DOI:
https://doi.org/10.26577/JOS.2021.v99.i4.08Аннотация
Ортағасырларда өмір сүрген Әбу Насыр әл-Фарабидің бізге жеткен трактаттарының белгілі бір бөлігі қазір қазақ тіліне аударылған. Десек те әлі ғылыми айналымға енбеген трактаттары да жоқ емес. Осындай трактаттардың бірі – «Китаб әл-Әәдаб әл-Мулукийа уа әл-Ахлақ әл-ихтийарийа» (كتاب الآداب الملوكية والأخلاق الإختيارية) (қысқаша атауы «Китабул Ахлақ») атты трактат.
Бұл мақалада аталмыш трактаттың қолжазба және баспа нұсқалары және оның аудармалары туралы ақпарат беріледі. Трактаттың бастапқы бөлігінің қазақ тіліндегі аудармасымен қатар түпнұсқа мәтінге қысқаша текстологиялық талдау жасалады.
Мақалада трактаттың әрбір жаңа сөйлемі «қалә» – (قال) «айтты», яғни «Платон айтты» деп басталуымен ерекшеленетіндігі әрі осы бір ауыз сөз әл-Фарабидің Платон сөздерін аманаттап жеткізуші екендігінің айғағы бола алатындығы алға тартылады. Негізі әл-Фарабидің бізге жеткен трактаттарында ол өз ой-толғамдарым, философиялық түсіндірмелерін жазғанда бұл менің сөзім деп ашық әрі анық етіп жазбайды. Сол кездегі дәстүр бойынша тек еңбектің алғашқы не соңғы берінде ғана автордың аты-жөні туралы ақпарат жазылады. Кейде автор туралы маңызды ақпарат беретін мұндай жазудың қолжазба нұсқада болмауы мүмкін. Талқыға түсіп отырған трактат та осы санатқа жатады. Қолжазбаның кейбір нұсқаларында ғана бұл трактатты жинақтаушы әл-Фараби екендігі жазылған. Десек те біз талқыға салып отырған бұл трактаттың белгілі бір бөлігі әл-Әмир Усәмә ибн Мунқиздың (الأمير أسامة بن منقذ) «Лубәб әл-Әдәб –لُبَابُ الآداب » атты кітабында «Әлфаз Афлатун –ألفاظ أفلاطون » деген атаумен берілген бөлімдегі мәтінмен біршама сәйкес келетіндігі белгілі болды. Сондай-ақ ізденіс барысында трактаттағы кейбір сөйлемдер араб философы Әл-Мубашшир ибн Фәтиктың (المبشر بن فاتك) «Мухтар әл-хикам уа махасин әл-кәлим» (مختار الحكم ومحاسن الكلم) деген кітабында да кездесетіндігі анықталды.
Сөз етіп отырған «Китабул Ахлақ» трактатының Мысырда сақталған қолжазба нұсқасының алғашқы бетінде трактат Әбу Насыр әл-Фарабиге тиесілі екендігі жазылған. Біз осы сынды жазба деректерді негізге ала отырып, аталмыш трактатты әл-Фараби мұрасы ретінде қарастыратын боламыз.
Кілт сөздер: Әл-Фараби, қолжазба, ахлақ, түпнұсқа мәтін, аударма