Халықаралық академиялық ұтқырлықты дамыту мәселелері
DOI:
https://doi.org/10.26577/JOS.2021.v96.i1.09Аннотация
Авторлар бұл мақалада жұмсақ күш құралы ретіндегі академиялық ұтқырлықты дамыту мәселелерін анықтауға тырысады. Академиялық ұтқырлық «жұмсақ күш» тұжырымдамасының призмасы арқылы жаңа түсінікке ие болып, мемлекетаралық ынтымақтастықтың құралдары мен тетіктерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл жұмыстың басты мақсаты халықаралық қатынастар шеңберіндегі Академиялық ұтқырлықты дамыту барысындағы негізгі проблемаларды анықтау болып табылады. Осыған байланысты жоғары білім беру саласындағы және халықаралық қатынастар жүйесіндегі трендтерді бағалауда жаңа сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді зерттеп, сипаттау міндеттері қойылды. Статистикалық деректер, деректерді қайта сараптау негізінде Қазақстанда академиялық ұтқырлықты тұжырымдамалық зерделеу қажеттілігі; қазақстандық ұлттық мүддеге және қазіргі заманғы шынайылықтарға сәйкес келетін әлемдік аренада жаңа Имидж құру қажеттілігінің заманауи негіздері туралы қорытынды жасалады. Бүгінгі жағдайда қазақстандық «жұмсақ күшті» іске асыру барысында құқықтық, қаржылық, экономикалық аспектілерге байланысты көптеген мәселелер туындауда. Қазіргі уақытта Қазақстанда білім алушылардың академиялық ұтқырлығын ұйымдастыру бойынша нормативтік құжаттар әзірленді, Қазақстанның жоғары оқу орындарында осы проблема бойынша практикалық қызмет тәжірибесін көрсететін айтарлықтай эмпирикалық материал жинақталды, алайда зерттелетін проблема бойынша іргелі жұмыстардың жеткіліксіздігі байқалады, бұл осы мақала авторларының қызығушылығын тудырды. Түйін сөздер: академиялық ұтқырлық, жұмсақ күш, білім беруді интернационалдандыру, халықаралық қатынастар.