«Көк нүктелер желісі» жобасы «Белдеу мен жол» бастамасына жауап ретінде
DOI:
https://doi.org/10.26577/JOS.2020.v98.i3.08Аннотация
Қазіргі заманғы маңызды экономикалық ынтымақтастық жобаларының бірі – Қытай бастама жасаған «Белдеу мен жол» болып табылады. Ұлы Жібек жолын жаңғырту ХХІ ғасырдың маңызды жобасы саналады және оны дамыту бүкіл Евразия кеңістігіне игі ықпал етеді. Бұл мегажоба Европа мен Азияның арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-рухани көпірмен тең. Алайда 2019 жылы АҚШ, Жапония және Австралия бірігіп «Белдеу мен жол» жобасына қарсы жауап ретінде «Көк нүктелер жобасын» ұсынды. Осылайша әлемдік саясат пен жаһандық экономикада ықпал ету аймағы үшін күресу жаңаша сипат алып отыр. Сондықтан «Көк нүктелер желісі» жобасының «Белдеу мен жол» бастамасына қарсы жауап ретінде туындауының себептері мен салдарын, оның әлемдік және өңірлік деңгейлердегі саяси-экономикалық үдерістерге ықпалын қарастыру өзекті. Қазіргі әлемдік саясатта ірі державалар өздерінің ықпалын арттыру мен мақсат-мүдделерін қорғау үшін жаңаша әдіс-тәсілдермен күресуде, бұл күресте алдыңғы орынға сауда-экономикалық санкциялар шығуда. «Көк нүктелер желісі» жобасы мен «Белдеу мен жол» бастамасы арасындағы бәсекелестік туындауы өз кезегінде COVID-19, сауда соғысы сияқты факторлармен бірігіп, әлемдік экономикалық дағдарысты одан сайын асқыныдырып жіберуі ықтимал. «Белдеу мен жол» бастамасы тек қана Қытайға ғана емес, Жібек жолының бойындағы барлық елдер үшін аса маңызды, сондықтан бұл мәселені зерттеудің ғылыми және тәжірибелік маңызы күмәнсіз.
«Көк нүктелер желісі» жобасына біріккен үш елдің (АҚШ, Жапония, Австралия) мақсаты – Азия-Тынық мұхиты аймағына бақылау жасау мен ықпал етуді қайтару болса, ал ҚХР ұсынған «Белдеу мен жол» бастамасы Еуразиялық сауда интеграциясын дамыту, аймақ елдері арасындағы өзара тиімді байланыстар мен инфрақұрылымдық дамуды ынталандыру. Бұл екі жобаның ерекшеліктерін салыстыра отырып танып-білу әлемдік және өңірлік ынтымақтастыққа кері әсер етуші жағдаяттарды айқындауға, ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алуға, интеграциялық үдерістерді дамытуға көмектеседі. Жүргізілген зерттеу халықаралық қатынастар саласында туындап жатқан жаңа саяси-экономикалық шынайылықты түсінуге, әлемдік және өңірлік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді дамытуға өзіндік үлес қосып, «Белдеу мен жол» бастамасы ауқымында жүретін көп тарапты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Кілт сөздер: интеграция, ынтымақтастық, «Көк нүктелер желісі» жобасы, «Белдеу мен жол» бастамасы, сауда-экономикалық соғыстар.