ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ ҒАЛЫМДАРЫНЫҢ АРАБТІЛДІ ҚОЛЖАЗБА МҰРАСЫН ТАХҚИҚТАУ ДЕҢГЕЙІ ЖӘНЕ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ
DOI:
https://doi.org/10.26577/JOS202611836Аңдатпа
Бұл мақалада қазақ даласы ғалымдары жазған шығармалардың арнайы ғылыми-сыни өңдеуден (тахқиқ) өткен деңгейі бағаланып, Қазақстан кітапханалары мен әлемдік қолжазба қорларында сақталған қолжазба мұрамызды өңдеп, ғылыми айналымға шығарудың теориялық және практикалық негіздері талқыланады. Зерттеу мақсаты – тахқиқ ісінің жалпы теориялық негізінің сипаттамасын беріп, қазақ даласы ғалымдары шығармаларының басылып шыққан кітап түріндегі нұсқалары және шығармалар тахқиқына арналған диссертациялық жұмыстар негізінде сыни өңдеудің дәрежесі мен сапасына талдау жасау, сондай-ақ оны дамытудың жолдарын институционалдық, ғылыми-әдістемелік және технологиялық шаралар негізінде ұсыну. Бұл үшін әлемдік кітапхана және диссертация қорларымен жұмыс жасалып, нәтижесінде кітап және диссертация түрінде жарық көрген еңбектер кесте түрінде көрсетілді, библиографиялық мәліметтерге шолу жасалып, зерттеу деңгейі географиялық және хронологиялық белгілер бойынша қорытындыланды. Тахқиқ жұмысында да қателіктер орын алатындықтан, кейбір зерттеу тақырыптарындағы олқылықтардың дұрыс нұсқалары көрсетілді. Қолжазбалардың ғұмыры ұзақ емес, тіпті кейбірі электронды форматқа түсіруге келмей, толықтай немесе біртіндеп үгіліп не жойылып барады, алдағы онжылдықтарда түпкілікті жойылып кету қаупі де бар. Келер ұрпаққа олардың мазмұнын жеткізу үшін арабтілді қолжазбалармен қатар, елімізде сақталған шағатай, парсы тілдеріндегі және төте жазудағы қолжазбалардың түпнұсқаларымен танысуға мүмкіндік беретін, қолжазбаларымызға бейімделген тахқиқ саласын дамыту аса маңызды.
Түйін сөздер: қазақ даласы ғалымдары, арабтілді қолжазбалар, тахқиқ, мухаққиқ, текстология, сыни өңдеу.










