ИБН ХАУКАЛДЫҢ ГЕОГРАФИЯЛЫҚ МҰРАСЫ: АРАБ КАРТОГРАФИЯЛЫҚ (БАЛХИ) МЕКТЕБІНІҢ САБАҚТАСТЫҒЫ ЖӘНЕ ЕДІЛ-КАСПИЙ МАҢЫНЫҢ ТАРИХИ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ БЕЙНЕСІ
##doi.readerDisplayName##:
10.26577/JOS202611726Аңдатпа
Тарих пен география – уақыт пен кеңістікті зерттеу мен түсіндірудің негізгі ұғымдары ретінде адамзат өркениетінің іргетасын қалыптастырған маңызды салалар болып табылады. Бұл екі философиялық концепцияның қиылысында дамыған мәдени және ғылыми мұралардың бірі – тарихи карталар. Тарихи карталар тек өткен оқиғалар мен феномендердің құнды дереккөзі ғана емес, сонымен қатар ортағасырлық мұсылман қоғамының кеңістіктік қабылдауы мен дүниетанымдық парадигмасын айқын көрсететін маңызды құралдар болып табылады. Мұндай карталар арқылы зерттеушілер тарихи кезеңдердің географиялық түсініктерін, саяси құрылымдарын және мәдениетаралық байланыстарын тереңірек талдай алады. Аталған мақалада ортағасырлық ислам картографиясының «алтын діңгегі» саналатын «Балхи мектебінің» қалыптасуы мен оның көрнекті өкілі Ибн Хаукалдың географиялық мұрасы қарастырылады. Зерттеудің негізгі өзегі – Әбу Зайд әл-Балхи негізін қалаған мектептің ғылыми дәстүрі мен оның Ибн Хаукал мен Әбу Ысқақ әл-Истахри еңбектеріндегі сабақтастығын айқындау. Мақаланың ауқымдылығы мен мақсат-міндеттеріне байланысты тарихи-генетикалық әдіс қолданылды. Бұл әдіс арқылы араб картографиясының шығу тегі мен эволюциялық дамуын зерттеуге мүмкіндік туды. Сонымен қатар салыстырмалы талдау және деректанулық сараптама әдістері арқылы «Китаб әл-Мәсәлик уә-л-Мәмәлик» және «Сурат ал-акалим» сияқты іргелі еңбектердегі мәтіндік деректер мен карталық кескіндер өзара салыстырылды. Пәнаралық тәсілді қолдану география, тарих, мәдениеттану және философия ғылымдарының түйіскен нүктесіндегі бұл мәселені кешенді қарастырып, картаны тек географиялық құрал емес, мәдени-танымдық феномен ретінде бағалауға мүмкіндік берді. Оның үстіне, мақалада араб географтарынан өзге елдердің ғалымдарының, шығыстанушылары мен тарихшыларының еңбектері салыстырмалы түрде сараланды.
Түйін сөздер: Ибн Хаукал, Балхи мектебі, ислам картографиясы, әл-Истахри, «Китаб ал-масалик уа-л-мамалик», Еділ-Каспий халықтарының этнографиясы, «Сурат ал-акалим».










