Ирандағы ислами басқару: идеологиялық негізі
##doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.26577/JOS.2020.v93.i2.02Аңдатпа
Әртүрлі елдердің шығыстанушылары, философтары, саясаттанушылары, заңгерлері мен дінтанушылары «ислам республикасы» түсінігінің мағынасы туралы мәселені әлі де талқылау үстінде. Зерттеушілердің көпшілігі Иран Ислам Республикасының (ИИР) қоғамдық-саяси өмірінің, әлеуметтік-экономикалық өзгеруі және басқа да құбылыстар сипатының ерекшеліктеріне айрықша назар аударып отыр (Fisher M., 1980). Осы жерде авторлар исламның идеологиялық негіздерінің ерекшеліктерін мойындау және дін басыларын – ерекше мұраттары мен ұйымдық құрылымы бар айрықша топ ретінде – жайып көрсету арқылы, Иран революциясындағы діни тұлғалардың рөліне қатысты көзқарастың оңды болуы мүмкін деп есептейді. Оның ішінде ислам республикалық басқару түрінің маңызын анықтап, осы елдегі теократиялық режимге қатысты өз пікірін білдіреді. Иран Ислам Республикасындағы «ислам республикасының» барлық түсіндірмелері Аятолла Хомейнидің «Хакумат-е-джомхури-эслами» («Ислам республикасын басқару») кітабына және оның әділ мемлекеттік жүйені құру туралы әйгілі баяндамаларына және т.б. негізделген. Ирандағы мемлекеттік биліктің негізгі орталығы – бір кездері Имам Хомейни басқарған ел басшысы лауазымындағы «велаят-и факих» институты. Нағыз имамның «болмауы» кезеңінде исламдық мемлекетке ерекше басқару формасы қажет, ал қасиетті мәтіндерде бұл мәселені шешудің кілті бола алатын бірқатар ережелер бар. Р. Хомейни осындай төрт ережені анықтайды. Бұл пәтуа, кеңес, мужтахид және мораль туралы ереже. Егер шиизмге тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, исламның бұл тармағы халифаттың қол астында орталықтандырудан босатылуға ұмтылған сол өңірлер мен халықтардың қарсыласу діні ретінде пайда болды. Шииттердің көзқарасы бойынша имамның беделін елемейтін кез келген зайырлы билік заңнан тыс деп танылады. Заңды билік – имамдардың күші. Жалпы, А. Банисадрдың негізгі идеяларымен бөлісе отырып, И. Язди исламдық қоғамға келесі ерекшеліктер тән болуы керек деп санайды. Біріншіден, бұл қоғам экономикалық және саяси қатынастарда сыртқы күштерден тәуелсіз болуы қажет. Екіншіден, бұл қоғамда «күш шоғырлануы» және зорлық-зомбылық болмауы шарт. Үшіншіден, исламдық қоғамда кедейлік болмауы керек. Төртіншіден, ислам қоғамында теңдік қағидасы басым хақ. Бесіншіден, бұл қоғамда байлық бүкіл халыққа тиесілі болуы керек. Түйін сөздер: ислам, әулет, мәжіліс, ұламалар, шииттер, монархия, саясат, идеология.
