Отырар өлкесінің ойшылы
##doi.readerDisplayName##:
https://doi.org/10.26577/JOS.2020.v92.i1.02Аңдатпа
Ислам – адамзат тарихына айырықша үлес қосқан үлкен өркениет. Оның туы желбіреген жерлерде әрдайым білім мен ғылым гүлденіп, адамзат адамгершілік пен парасат шыңына көтерілген. Ислам Орта Азияға, оның ішінде қазақ еліне біздің дәуіріміздің ҮІІ ғасырында ене бастады. 751 жылы Талас бойында қарақытайлықтар мен мұсылмандар арасындағы шешуші шайқаста бауырларымыздың жеңісі бүкіл ортаазиялық аймаққа ислам дінін ғана емес, сондайақ, оның мәдениетінің де еркін таралуына жол ашты. Қасиетті Құран Кәріммен бірге қазақ даласына үлкен ислам өркениеті келді. Ғылым, білім жанданды. Көптеген қалалар салынды. Онда медреселер мен ғылыми ошақтар жұмыс істеді. Жергілікті халық арасынан Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Йасауи, Мұхаммед Хайдар Дулати, Қадырғали Жалаири секілді өз шығармаларында гуманизмді марапаттаған терең ойлы ғұламалар шықты. Олар тек қана қазақ елінің мақтанышына айналды. Олар қалдырған игі мұраларды үлгі етеміз. Бабалар мұрасы бізді қашан да рухтандырып отырады. Ілгеріде өткен бабаларымыз бізге рухани мол мұра қалдырып кетті. Оларды игеріп қана қоймай, зерделеп, қастерлеуіміз керек. Өйткені, Ислам – қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өнері мен салт-санасының мызғымас бөлігі, тірегі. Біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміз ғана емес, сондай-ақ, әдет-ғұрпымыз бен мінезіміз де Қазан төңкерісі әкелген жасан жасанды арзан құндылықтарға емес, Ислам мәдениеті негізінде қалыптасқан. Қазақ жерінде Отырар, Сүткент, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Баршынкент, Женд, Исфиджаб-Сайрам, Тараз, Баласағұн секілді үлкенді-кішілі талай-талай мәдени, ғылыми, рухани орталықтар болды. Соның ішінде тек бір ғана Отырарды ғана алсақ, ол әлем мәдениетіне өзіндік үлес қосқан Әбу Насыр әл-Фараби және басқа да дарынды парасат иелерін берді. Жұрттың көпшілігі күні бүгінге дейін тек Әбу Насыр әл-Фарабиді ғана біледі. Шынында да, Отырар тек Әбу Насырды ғана берді ме? Біздің зерттеулеріміз Отырардың 30 майталманның шыққанын көрсетіп отыр. Олар әртүрлі ғылым, білім, мәдениет пен дін салаларының өкілдері. Бірқатарының өмірі жайлы мағұлматтар, еңбектері біздің заманымызға жетсе, бағзылары туралы деректер бірер жолдан аспайды. Әйтсе де олар біз үшін аса қымбат. Мақалада Отырар өлкесі, Сайхун (Сырдария) жағасындағы Зернудж (Зернук) қаласының тумасы, ортағасырлық ойшыл, ұстаз [Бұрһан ад-дин] Нұғман бин Ибраһим бин Халил Тадж ад-дин аз-Зернуджидің ғибратты өмір жолы мен оның араб тілінде жазылған «Ат-Тағлим әл-мутағаллим тариқ әл-улум» атты діни-педагогикалық шығармасы зерттелген. Кемеңгердің еңбегі оқу құралы ретінде күні кешеге дейін араб елдері мен Осман империясының медреселерінде пайдаланылып келді. Түйін сөздер: Зернудж (Зернук), Отырар (Фараб), Ислам, Мауараннаһр, қасиетті Құран, аят, хадис, талиб, фиқһ, Исфиджаб (Сайрам).
