Қытайдың «бір белдеу, бір жол» стратегиялық жобасы және Қазақстандағы синофобиялық көзқарастың себептері
##doi.readerDisplayName##:
10.26577/JOS.2020.v92.i1.01Аңдатпа
Ұлттық мемлекеттердің ғана емес, сонымен қатар барша адамзаттың болашағы бұлынғыр болып тұрған, ал халықтардың тағдырын шешетін саяси элиталар мен зиялы қауымдастықтар көптеген көкейкесті мәселелерді шешудің жолын таппай отырған осы аласапыран заманда Қытайдың болашаққа сенімді аяқ басуы, бір жағынан, жарқын үміт ұялатса, екінші жағынан, қауіп тудыруда. Сондықтан бүгінгі таңда әлемде Қытайдың модернизациясына баға беретін қытайлық көзқарастағылар және оған теріс көзқарастағылар тарапынан осы мәселе жөнінде көптеген жан-жақты зерттеулер жүргізіліп келуде. Қытайлық тәжірибе баршаға қызықты, алайда дамудың негізі ретінде еуропоцентристік амал орнына қытайцентристік көріністі қабылдауға әлемдік қауымдастық әлі мүлдем дайын еместігі белгілі. Қазақстан басшылары Қытай үкіметімен тығыз қарым-қатынастары, «стратегиялық серіктестік» пен «өзара ынтымақтастық» туралы ауыз толтырып айтып жатқанда, бейресми деңгейде екі ел арасында шиеленістер бүгінгі таңда жиілеп кеткендігін мойындауымыз қажет. Осы орайда, біз мақаламызда Қазақстан мен ҚХР арасындағы қазіргі кезеңдегі тату көршілік қатынастың екі ел үшін де маңыздылығын атап өтіп, екі ел арасындағы байланыстарға көлеңке түсірер жағымсыз әрекеттердің бір көрінісі – синофобияны туындатып отырған мәселелерді сараладық. Қытайдың стратегиялық «Бір белдеу, бір жол» жобасының елімізге берер пайдалы да ұтымды жолдары қарастырылып, синофобияның еліміз үшін тиімсіз екендігін ашып көрсетуге тырыстық. Түйін сөздер: Қытай, синофобия, «Бір белдеу, бір жол», Орталық Азия, қақтығыс, саясат.










